Бүгін Алматы сотында қазақстандықтар 25 млрд теңгеден астам қаражат салған AsarBaspana қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша үкім жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл ақпанда Қаржылық мониторинг агенттігі AsarBaspana қаржы пирамидасына қатысты тергеудің аяқталғанын хабарлаған еді. Оған 90 мың адам тартылғаны хабарланды.
Бүгін Алматы соттарының баспасөз қызметі іс бойынша шығарылған үкім туралы мәлімет берді.
"2023 жылдың қаңтар айында Т. "ПК AB" тұтыну кооперативінің бағдарламаларына қатысу сылтауымен азаматтардың ақша қаражатын тарту схемасын әзірлеген.
Қатысушыларға табыс табу, автомобиль немесе баспана сатып алу мүмкіндігіне байланысты бағдарламалар ұсынылған", – дейді соттың баспасөз қызметі өкілдері.
Сондай-ақ салымшыны көбірек тарту үшін Т. Қазақстанның түрлі қаласында өңірлік кеңселердің жұмысын ұйымдастырған, кездесулер мен онлайн-іс-шаралар өткізген, бағдарламалардың шарттарын түсіндіріп, құрылым қызметіне қатысқан тұлғаларға нұсқаулар берген.
"Кейін бұл қызметке Б., Д., И. және өңірлік басшылар тартылды. Олар айыптау қорытындысы бойынша жаңа қатысушыларды тартумен, кеңселердің жұмысын ұйымдастырумен, ақша қаражатын қабылдаумен және оларды бақылаудағы шоттарға аударумен айналысқан", – делінген сот хабарламасында.
Тараптардың нұсқасы бойынша, тартылған ақша қаражаты қатысушылар алдындағы міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмаған, жүйе қатысушылары арасында қайта бөлінген, бонустарды төлеуге, шаруашылық шығыстарына және өзге де мақсаттарға жұмсалған.
️"Жалпы пирамида қызметі аясында азаматтардан 25 422 708 589 теңге көлемінде ақша қаражаты тартылған, бұл аса ірі мөлшерге жатады", – дейді сот өкілдері.
Айыпталушылардың әрекеттері айыптау актісіне сәйкес Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен – алдын ала сөз байласқан топ адамдар аса ірі мөлшерде ақша тарта отырып, қаржы (инвестициялық) пирамидасының қызметін ұйымдастырды деп сараланды.
Прокурор соттан басты айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп тануды және қаржылық қызметпен айналысу құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Қалған сотталушыларға Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша қаржылық қызметпен айналысу құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушылар Е. мен З-ге қатысты прокурор Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігі негізінде жүктілігіне және жас баласының болуына байланысты үкім заңды күшіне енген күннен бастап 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын өтеуді кейінге қалдыруды сұрады.
Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен басты сотталушы Қылмыстық кодекстің 217-бабы 2-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қаржылық қызметпен айналысу құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
️Б., Д., И. Қылмыстық кодекстің 217-бабы 2-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына қаржылық қызметпен айналысу құқығынан 6 жыл мерзімге айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ тағы 13 адам Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында және 218-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде оларға тағайындалған негізгі жазалар шартты деп есептеледі. Олардың барлығы кәмелетке толмаған балалардың аналары, егде жастағылар болуына және қосалқы рөл атқарғанына байланысты. Олардан ештеңе тәркіленбеді.
Сот Т., Б., Д., И-ге мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша жаза тағайындады.
Сот іс бойынша жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды өтеу есебінен сотталғандардың, олардың жұбайларының, туыстарының және басқа да тұлғалардың, оның ішінде заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің тәркіленген мүлігіне өндіріп алуды бұруды қаулы етті.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Источник: Nur.kz · Эльмира Асқарқызы

