Ұлттық банк шоттар мен салымдарды бақылауға алады

Ұлттық банк қазақстандықтардың шоттары мен салымдары бойынша есептілік ұсыну ережелерін жаңартты, деп хабарлайды LS.

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап екінші деңгейдегі банктер, резидент еместер банктерінің филиалдары, Қазақстанның даму банкі және "Қазпошта" келесі ақпаратты Ұлттық банкке ұсынуға міндетті:

  • Банк шоты/салым иесі туралы есеп (10 жұмыс күні ішінде).

Есеп беру нысанында Қазақстан резиденті немесе резидент емес болып саналатын жеке тұлға (оның ішінде жеке кәсіпкер мен бірлескен кәсіпкерлік субъектілері), сондай-ақ, заңды тұлғалар, халықаралық қаржы ұйымдары және заңды тұлға мәртебесі жоқ компаниялар туралы мәліметтер көрсетіледі.

  • Банк шоты/салым шарты туралы есеп (10 жұмыс күні ішінде).

Бұл құжатта депозиттік ұйым мен шот немесе салым иесі арасындағы барлық өзара қатынастар туралы ақпарат беріледі. Мәліметтер есепті кезең ішінде жасалған, қолданыста болған немесе осы кезеңде тоқтатылған барлық шарттар бойынша ұсынылады.

  • Банк шоты туралы есеп (10 жұмыс күні ішінде).
  • Банк шоты бойынша операциялар туралы есеп (ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-шы жұмыс күнінен кешіктірілмей).

Бұл жерде есепті кезеңдегі ақша қозғалысы, өзгерістері және депозиттік ұйымның банк шоттары (салымдары) иелеріне қатысты міндеттемелерінің ағымдағы жай-күйі туралы мәліметтер қамтылады.

Бұған дейін, LS редакциясы хабарлағандай, қаржы министрлігі Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, қолданыстағы критерийлерді қайта қарап, үш ай ішінде 12 АЕК-тен (1,02 млн теңге) асатын мобильді аударымдар сомасын кіріс ретінде есепке алу туралы шешім қабылдаған.

TOP

Экономика

Tags