Новости

Абай облысында шекара тәртібін бұзу фактілері анықталды

Есірткі тасымалының жолы кесілді, заңсыз валюта алып өтпек болған азамат анықталып, қос азаматтық фактісі тіркелді.

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің облыстық департаменті мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп, бірнеше заңға қайшы әрекеттердің жолын кесті.

15 маусым күні сағат 18:45 шамасында "Ауыл" автомобиль өткізу пунктінде шекарашылар қызметтік иттің көмегімен рейстік автобуста Ресейге бет алған ҚР азаматшасының сөмкесінен жасыл түсті, ерекше иісі бар затты анықтады. Сараптама нәтижесінде бұл шамамен 5 грамм марихуана екені белгілі болды. Аталған факті бойынша тиісті тіркеу жүргізіліп, азаматша ішкі істер органдарына тапсырылды.

13 маусымда дәл осы өткізу бекетінде Ресей азаматы Қазақстан аумағынан 1 386 833 рубль (шамамен 8,3 млн теңге) көлемінде қолма-қол ақшаны заңсыз алып өтпек болған. Бұл сома шекарадан заңды түрде шығаруға рұқсат етілген шектен 3 млн теңгеге артық. Азамат мемлекеттік шекарадан өткізілмей, уәкілетті органдарға тапсырылды.

17 маусымда Ресей Федерациясының азаматшасының қос азаматтығы бары анықталды. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қос азаматтыққа тыйым салынған. Осыған байланысты азаматша шекарадан өткізілмей, Семей қалалық көші-қон қызметіне берілді.

Абай облысындағы бақылау пункттерінде көші-қон тәртібін бұзған бірнеше азаматқа қатысты шаралар қабылданды:

  • 12 маусымда ҚР азаматының жеке құжатының мерзімі өтіп кеткендіктен, шекарадан өтуіне тыйым салынды. Ол ӘҚБтК 513-бабы бойынша айыппұл төледі.
  • 13 маусымда Моңғолия азаматы елде тіркеусіз 50 күн жүргені үшін сот шешімімен 5 жылға елден шығарылды.
  • 16 маусымда Қытай азаматына тіркеусіз жүргені үшін ескерту берілді.
  • 17 маусымда Тәжікстан азаматшасы елде тіркеусіз 84 күн жүргені үшін айыппұл салынып, Қазақстаннан шығарылмастан шекарадан өткізілмеді.

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Абай облысы бойынша департаменті мемлекеттік шекараны күзету мен заңбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарын тұрақты түрде жалғастырып келеді. Қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау – басты міндеттердің бірі.

Сурет: ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі

TOP

Экономика

Tags