12-13 қыркүйек аралығында Қытай елінің Гуйян қаласында спорттық құзға өрмелеуден Әлем кубогының кезекті кезеңі өтеді. Бұл байрақты дода әлем біріншілігінің алдындағы соңғы сын болмақ. Толығырақ Olympic.kz материалында.
Бірер күннен кейін Гуйян (Қытай) қаласында спорттық құзға өрмелеуден Әлем кубогының кезеңі басталады. Бұл дода қазақстандықтар үшін Сеульде өтетін әлем чемпионаты қарсаңында маңызды сынақ болмақ.
Аталған халықаралық турнирге АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяны сынды алпауыттарды қоса алғанда 16 елден 73 спорттық құзға өрмелеуші қатысады. Оның ішінде қазақстандықтар да бар.
Жарыс аясында спортшылар тек «жылдамдық» бағдарламасында сынға түседі.
Бұл жарыста ұлттық құрама намысын бес спортшы қорғайды. Атап айтсақ, Әмір Маймұратов, Бекнұр Алтынбеков, Жандос Қалыбай, Дамир Тоқтаров, Әлішер Мұрат өнер көрсететін болады.
Тізімге назар аударар болсақ құрама көшбасшыларының бірі Ришат Хайбуллин жоқ. Отандасымыз әлем чемпионатына дейінгі дайындығын бастап кетсе керек, бұл Әлем кубогына қатыспауды жөн көріп отыр. Айта кетейік, құзға өрмелеуші Алматыда өткен Азия кубогы кезеңінде алтын жүлдегер атанды.
Дегенмен ұлттық құрама сапында Әмір Маймұратов бар. Париж-2024 Олимпиадасының қатысушысы бұл Әлем кубогы кезеңінде үздіктердің қатарынан көрінуі ықтимал. Соңғы кезеңдерде ол жеңіс тұғырына көтеріле алмағанымен, үздік бестікке еніп жүр.
Сонымен қатар Бекнұр Алтынбеков күтпеген нәтиже көрсете алатын спортшылардың қатарында. Бұл жарыс оған өз мүмкіндігін толық көрсетуге жол ашпақ.
Алматыда өткен соңғы Азия кубогында жерлестеріміз жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Нақтырақ айтқанда, Дамир Тоқтаров төртінші орын иеленсе, Әмір Маймұратов, Бекнұр Алтынбеков және Әлішер Мұрат үздік ондыққа енді. Айта кетейік, Дамир Тоқтаров бұл маусымда екінші мәрте Гуйянға аттанып отыр. Ол бұған дейін жастар арасында өткен Азия чемпионатында төртінші орын алған еді. Енді ересектер арасында бақ сынайды.
Әлем чемпионатына санаулы күндер қалса да, Қытайдағы Әлем кубогы кезеңіне біршама мықты спортшылар аттанады.
Мәселен, индонезиялық Киромаль Катибин бар. Ол Шамониде (Франция) тоғызыншы орынды иеленгенімен, Краковта (Польша) күміс жүлде алып, Денверде (АҚШ) топ жарды. Оның отандасы Рахарджати Нурсамса да жүлделі орынға таласуға дайын.
Жапония құрамасының өкілі Ре Омасо фаворит саналады. Құзға өрмелеуші Алматыда қола жүлдегер атанған. Одан бөлек, Краков (Польша) пен Балиде де (Индонезия) үздік үштікке енген. Жалпы, қазақстандықтардың басты қарсыластарының бірі.
Ал жарыстың басты фавориті АҚШ құрамасының өкілі Самуэль Уотсон. Дәл осы спортшы Шамониде (Франция) өткен кубокта Ришат Хайбуллинді басып озған еді. Сонымен қатар сол жарыста отандасы Зак Хаммерде қола жүлдемен көзге түскен болатын. Қос спортшы да алтыннан алқа тағуды мақсат етіп отырғаны анық.
Осылайша, Гуйяндағы Әлем кубогы қазақстандық спортшылар үшін өз шеберлігін шыңдап, алдағы әлем чемпионатына дайындығын пысықтайтын маңызды сынақ болмақ.