Марқұм жолдасымен бірге қызының мектеп бітіру кешіне асыққан көрінеді.
Астана-Қостанай тасжолында қайғылы жағдай болып, мәдениет саласының үздігі, тарих ғылымдарының магистрі Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы Мырзабек Қасымов жол апатынан көз жұмды. Суық хабарды марқұмның әріптесі Марғұлан Оспанов жеткізді.
Оқыс оқиға Атбасар мен Есіл қалаларының аралығында болған. Әріптесінің айтуынша, Ыбырай Алтынсарин музейі басшысының орынбасары қызметін атқарған Салтанат Өтелбаева жолдасымен бірге қызының мектеп бітіру кешіне асыққан көрінеді. Олар таңғы сағат 04:00-де Астанадан жолға шығып кеткен. Бүгін олардың қызы Алтынай мектепті үздік бітіріп, қызыл аттестат алуы керек еді.
Марқұмның әріптесі Марғұлан Оспанов әлеуметтік желідегі парақшасында отбасының артында қалған балаларына жұбату айтып, қайғылы хабарды жеткізді.
"Суық хабарды жеткізуге мәжбүрмін. Жалған өмір-ай, десейші! Бүгін айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі, тарих ғылымдарының магистрі, Ыбырай Алтынсарин музейі басшысының орынбасары Салтанат Өтелбаева жол апатына түсіп жұбайы Мырзабек Қасымов екеуі де қаза тапты. Жалғыз ұлы Нұрсұлтан таңғы 9-да "аға, ата-анамнан айрылып қалдым" деп хабарласты. Бүгін қызы Алтынайдың мектепті үздік бітіріп, қызыл аттестатын алатын күні еді. Үлгіремін деп асықты ма екен, Астанадан таңғы 4-те жолға шығып кетіпті. Атбасар мен Есілдің ортасында жол апаты орын алды. Әріптестері арасында зор құрметке ие болған Салтанат Амантайқызы ашық көңілді, мейірімді әрі парасатты жан еді. Оның адал еңбегі, туған елге деген сүйіспеншілігі мен азаматтық ұстанымы кейінгі буынға өнеге болып қала береді. Отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Балаларына Құдай өмір берсін. Салтанат досымның жаны жәннатта, иманы саламат болсын", – деп жазды Марғұлан Оспанов.
Оқи отырыңыз: Ақтауда липосакция жасатпақ болған депутат қайтыс болды
Салтанат Амантайқызы саналы ғұмырын мәдениет пен музей ісіне, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға арнады. Өз ісінің білікті маманы ретінде жоғары кәсібилігімен, жауапкершілігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді. Оның басшылығымен музейде көптеген маңызды жобалар, көрмелер мен ғылыми-зерттеу жұмыстары табысты жүзеге асырылды. Әріптестері арасында зор құрметке іліккен Салтанат Өтелбаева ашық көңілді, мейірімді әрі парасатты жан ретінде есте қалмақ.