Каспийдегі қайғылы оқу-жаттығудан аман қалған әскери қызметшілер үйлеріне оралды (видео)

06.10.2026 11:25 · Человек и Закон

Каспийдегі қайғылы оқу-жаттығудан аман қалған әскери қызметшілер үйлеріне оралды (видео)

Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиғадан аман қалған әскери қызметшілер мерзімді әскери қызметін аяқтап, үйлеріне оралды. Бұл сәттен кадрлар әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Lada.kz басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Басылымның жазуынша, блогер Азамат Сәрсенбаев өзінің Instagram-дағы парақшасында ҚР Әскери-теңіз күштеріндегі мерзімді әскери қызметін аяқтаған 19 жастағы жаңаөзендік Ақжол Темірханмен және оның ата-анасымен кездескенін хабарлаған.

Қайғылы оқиғадан кейін сарбаз ауруханаға жатқызылған болатын. Жақында ол емдеу мекемесінен шықты.

"Әдетте сарбаздар үшін мұндай ерекше күндер көңілді атмосфераға, әскердегі мәңгілік достықты еске түсіретін естелік фотоларға толы болады. Бірақ бұл жолы емес…

Ақжол – Маңғыстау облысынан шақырылғандар арасындағы аман қалған жалғыз сарбаз, ол қаза тапқан қарулас достарының жарқын бейнесін жадында сақтап қалған жалғыз маңғыстаулық", – деп жазды блогер.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Азамат Сарсенбаев (@azamat_sarsenbayev)

Оның айтуынша, жақын арада Ақжол Темірхан ата-анасымен бірге қаза тапқан барлық қаруласының отбасына барып, көңіл айтуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар басылымның мәліметінше, аман қалған тағы екі әскери қызметші мерзімді әскери қызметін аяқтаған. Әлеуметтік желілерде атыраулық Қуандық Бекет пен БҚО тұрғыны Никита Удаловтың үйлеріне оралған сәттері түсірілген кадрлар жарияланды.

Маңғыстаудағы трагедия

Естеріңізге сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен әрі күрт нашарлап, жел екпінінің күшеюі салдарынан ашық теңізге 17 әскери қызметшіні алып кетіп, олардың 14-і қаза тапты.

Үш әскери қызметші құтқарылып, біреуі ауруханаға жатқызылды.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалып, Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды.

Қайғылы оқиғадан кейін Дәурен Қосанов қорғаныс министрі лауазымынан босатылды. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Маңғыстауда әскери қызметшілердің қазасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия құру туралы өкімге қол қойды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Источник: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева