ҚР Сыртқы істер министрлігі әскери іс-қимылдар жүріп жатқан аймақта қалып кеткен ел азаматтарын елге қайтару жөніндегі жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді. Бұған дейін БАҚ-тарда Қазақстан азаматтарының Отанына оралуға жәрдемдесу туралы өтініштері жарияланған, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР СІМ бұл жағдайды назарда ұстап отырғанын да атап өткен.
"Қазақстан азаматтарының шетелдегі құқықтары мен бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау министрлік қызметінің сөзсіз басымдығы болып саналады", – деді министрліктен.
Ведомство әлемнің түрлі елдері мен өңірлеріндегі соғыс қимылдары болып жатқан аймақтардан отандастарымызды қайтару бойынша тәжірибе жинақтағандарын алға тарта отырып, осыған байланысты Қазақстан азаматтары туралы толық әрі нақты ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы емес, олардың өздерінен немесе туыстарынан тікелей алудың маңызы ерекше екенін жеткізді.
"Бірқатар отбасы министрлікке көмек сұрап өтінішпен жүгініп үлгерді. Соғыс қимылдары жүрiп жатқан аймақта жүрген қазақстандықтардың туыстарынан келетін өтініштерді қабылдау үшін министрлікте арнайы жедел желі жұмыс істейді", делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство бұқаралық ақпарат құралдарынан тиісті байланыс деректерін таратуға жәрдемдесуді сұрайды. Азаматтарды құқықтық қорғаумен қамтамасыз ету үшін министрлікке толық ақпарат, яғни олардың тегі мен аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері, сондай-ақ олар жасасқан еңбек шарттарының талаптары туралы мәліметтер қажет.
Қазақстандықтарды Отанына қайтару жөніндегі бірлескен шараларды әзірлеу мақсатында СІМ Ресей тарапымен консультацияларды жалғастыруда.
"Бүгін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Уақытша сенімді өкілімен кездесті. Жақын арада Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі Ресей Сыртқы істер министрлігінің және Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездесулер өткізеді. Жүргізіліп жатқан жұмыстың барысы мен нәтижелері туралы қосымша хабарлайтын боламыз", деп жазды СІМ.
Источник: Zakon.kz · Кәмшат Сатиева

