Алматы облысында полиция қызметкерлері жол ережесін өрескел бұзған кортеждің тағы бір қатысушысын жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Polisia.kz-ке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ІІМ-нің ақпараттық медиапорталының мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы қаласының 22 жастағы тұрғыны Шымкент қаласында жүргені анықталған.
Сот шешімімен ол 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынған.
Анықталғандай, алматылық жігіт басты көліктің артынан бірінші болып келген жүргізушіге 600 АҚШ доллары көлемінде сыйақы ұсынған. Кейін кортеж қатысушылары жалпы пайдаланымдағы жолдарда Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, азаматтарға қауіп төндірген.
Айта кетейік, бұған дейін полиция әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбаны зерделеу барысында той кортежіне қатысушылардың жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны және жолда апаттық жағдай туғызғанын мәлімдеген болатын.
Полиция құқық бұзушылыққа қатысы бар барлық жүргізушіні анықтады.
Негізгі үш құқық бұзушы Қарасай ауданының тұрғындары болып шықты. Олар ҚР ӘҚБтК-нің бірнеше бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысы 10 тәулікке қамауға алынды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Источник: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева

