Балқаш көліне батып кеткен балықшының денесі табылды

06.10.2026 14:00 · Человек и Закон

Балқаш көліне батып кеткен балықшының денесі табылды

Қарағанды облысында 26 қыркүйекте жоғалып кеткен ер адамның денесі табылды. Ол Балқаш көлінде балық аулау кезінде суға батып кеткен, деп хабарлайды Ekaraganda.kz-ке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Басылымның мәліметінше, Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында Балқаш көлінде балық аулау кезінде суға батып кеткен 1970 жылғы ер адамды іздеу жұмыстары аяқталған. Қайғылы оқиға 26 қыркүйекте Тасарал ауылынан шамамен 20 шақырым жерде болған.

Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына Қарағанды облыстық ТЖД күштері мен құралдары жіберілген.

"Бірнеше күн бойы жедел-құтқару жасағының құтқарушылары су айдынын сүзіп шықты. Іздеу жұмыстары кезінде сүңгуірлік жабдықтар мен қашықтан басқарылатын суасты аппараты қолданылды. Жұмыстар күндізгі уақытта жүргізілді.

Құтқарушылар жергілікті тұрғындармен бірлесіп, балық аулау торын пайдаланып, көлді тексерді. Жағалаудан 2,5 шақырым жерде, шамамен 4-5 метр тереңдіктен марқұмның денесі табылып, судан шығарылды", – делінген жарияланымда.

ТЖД іздеу жұмыстарына ауа райының қолайсыздығы кедергі болғанын мәлім етті: көлде қатты жел соғып, биік толқындар көтерілген.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Источник: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева