Алматыдағы есірткі зертханасында екі адам көз жұмған: қылмыстық топтың басшысы Ресейден экстрадицияланды

12.10.2026 06:20 · В Стране

Алматыдағы есірткі зертханасында екі адам көз жұмған: қылмыстық топтың басшысы Ресейден экстрадицияланды

Психотроптық заттарды заңсыз өндірумен және сатумен айналысқан қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Ресейден елге экстрадицияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, тергеу нұсқасы бойынша күдікті Алматыда және Қазақстанның өзге өңірлерінде мефедрон өндірумен және сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық еткен.

"2021 жылдан бастап ол ақшаға мұқтаж адамдарды қылмыстық әрекетке тартқан. Топ мүшелері психотроптық заттарды дайындау, тасымалдау, қаптау және тарату міндеттерін атқарған. Олардың әрекеттері Telegram мессенджері арқылы қашықтан үйлестірілген", – деп хабарлады қадағалау органы 2026 жылғы 12 қазанда.

Сонымен қатар 2024 жылы ұйымдастырушының нұсқауымен Алматыда бірнеше есірткі зертханасы жабдықталған. Олардың бірінде психотроптық заттарды дайындау кезінде топтың екі мүшесі химиялық заттардан қатты уланып, қайтыс болған.

Соған қарамастан, топ жаңа адамдарды тартып, қылмыстық әрекетін жалғастырған.

"2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция қызметкерлері зертханалардың бірінің жұмысын тоқтатты. Тінту барысында 24 келіден астам химиялық зат, жабдықтар, қорғаныс құралдары және дайын өнім табылды. 2025 жылғы шілдеде күдікті Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды", – деп мәлімдеді ведомство.

Күдіктіге тағылған қылмыстар үшін мүлкін тәркілей отырып, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бұған дейін жерге қатысты алаяқтық, қарақшылық шабуыл және шетелдік әйелдің мүлкін ұрлау деректері бойынша іздеуде жүрген үш қазақстандық Біріккен Араб Әмірліктерінен экстрадицияланған еді.

Источник: Zakon.kz · Айгерим Тарина